«Баршаға қолжетімді білім» форсайт —сессиясы

Новости

    2024 жылғы 24 мамырда Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжінің базасында «WorldSkills Astana-2024» қалалық чемпионаты аясында «Баршаға қолжетімді білім» тақырыптық диалог алаңы өтті. Форсайт-сессия негізгі стейкхолдерлерге елордалық білім беру жүйесінде педагог кадрларды даярлаудың негізгі бағыттары бойынша стратегиялық бағдарларды айқындауға, инклюзивті білім беру жағдайында жұмысқа дайын педагог кадрларды даярлауды жетілдірудің мәселелері мен перспективаларын талқылауға, сындарлы ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді. 

    Форсайт-сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Talap» КЕАҚ, Астана қаласы Білім басқармасының, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының, «Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы» МКҚК,  «Бақытты Шаңырақ мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары тұрақты даму, қолдау және көмек көрсету Қайырымдылық Қоры», "Ұлттық Ұстаз онлайн Академиясының" негізін қалаушысы, әлеуметтік серіктестіктер, Астана қаласы колледждерінің өкілдері қатысты.

    Форсайт-сессия бағдарламасының бірінші бөлімінде WorldSkills құзыреті бойынша «Бастауыш сыныптарда оқыту» және «Мектепке дейінгі тәрбие» ресурстық орталықтарының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа ресурстық орталықтар WorldSkills стандарттары бойынша педагог кадрларды даярлау үшін жағдай жасауға, сондай-ақ өңірлік және республикалық кәсіби шеберлік чемпионаттарына дайындық бойынша жаттығу алаңына айналуға арналған.

    Форсайт-сессияның екінші бөлімінде педагог кадрларды даярлаудың өзекті мәселелері бойынша спикерлердің презентациялары мен баяндамалары ұсынылды. Форсайт-сессияның форматы мен алаңдағы атмосфера спикерлердің сараптамалық бағалауын үйлестіруге және инклюзивті білім беру жағдайында жұмысқа дайын педагогты даярлау процесінің одан әрі даму векторларын анықтауға мүмкіндік берді.

    Форсайт-сессия бағдарламасының соңғы бөлігі еркін микрофон форматында талқылау болды.

    Колледж құрылтайшысы Ж.Қ. Қошқаров іс-шараны қорытындылап, білім беру ұйымдарын одан әрі дамыту перспективаларын және педагогикалық мамандықтардың мәртебесін арттыруды іске асыру бойынша алдағы міндеттерді белгіледі.

    Жұмыстың қорытындысы инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу үшін педагог кадрларды даярлауды жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеу болады.